АСТАНА, 14 сәуір — Sputnik. Елордалық "Эдем Палас" тұрғын үй кешенінде сегіз жолаушысы, оның ішінде екеуі бала болған лифт екі метр биіктіктен жертөлеге түсіп кетті, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Астана ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінде.
Орталық жедел басқармаға лифтіде адамдар қалып қойды деген хабарлама сағат 18.50-де келіп түсті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері лифтінің ішінде сегіз адамның болғанын анықтаған, оның екеуі бес және алты жасар бала.
"Лифт алтыншы қабатқа дейін көтеріліп, сосын біртіндеп төменге қарай сырғи бастаған. Сосын бірінші қабатта тоқтап қалып, бірден жертөлеге түсіп кетті. Сол жерде тоқтап қалған", — деп түсіндірді полицияда.
Лифт шаруашылығы мамандары есікті ашып, адамдарға шығуға көмектесті. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Дерек ҚР ҚК-нің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарға жауап бермейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстар жасау немесе қызмет көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізбесінде тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.