АСТАНА, 13 сәуір — Sputnik. Қазақша жазғанда латын әліпбиін пайдалануды қажет деп санайды қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан.
Бұдан бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында осы жылдың аяғына дейін латынша қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеуді тапсырды. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.
"Қазақстанға латын жазбасы керек. Ол Қазақстанда болған. Бұл дұрыс, өйткені бүкіл әлем латын әліпбиін қолданады: кез келген гаджет, интернет, компьютер — негізінен ақпарат латын әліпбиінде. Біздің бауырларымыз — түріктер, түркмендер — латынға өтті, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Сондықтан мен мұны қолдаймын", — деді Тайжан журналистерге бейсенбіде.
"Жалғыз (тілек — еск.) осы ұсыныс қайтадан ұсыныс күйінде қалып қоймаса екен. Өйткені бұл ұсынысты естіп отырғанымызға он жыл болды. Жасау керек", — деді ол.
Қоғам қайраткерінің сөзіне қарағанда, латын жазбасы Қазақстанды түркі әлеміне жақындатады.
"Менің ойымша, үкіметте де саналы адамдар отыр. Қалай болса солай болмауы тиіс. Өзбекстанда мәселен, бірнеше жыл бойы екі әліпбиде жазуға рұқсат етілді. Қандай да бір өтпелі кезең болатын шығар. Үрдістің өзі дұрыс, бағыт дұрыс", — деп түйді Тайжан.
Бұдан бұрын қазақ әліпбиін латындандыруға қатысты пікір білдірген Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев журналистерге мұның ұлттық мүдделерге қатысты екенін мәлімдеген. Неліктен латындандыруға көшу осы кезде ғана өзектілендірілді деген сұраққа депутат, бұрын мемлекеттің экономикамен байланысты маңыздырақ мәселелерге көңіл бөлгенін мәлімдеді.