АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау қажеттігі алға тартып, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды.
"Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек", — дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.
"Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен "Қазақстан-2050" Стратегиясында "2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін" мәлімдедім.Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек", — дейді Елбасы.
Мемлекет басшысы осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісетінімізді айта келе, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды.
"Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес", — дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін айтады. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.
"Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады", — дейді Елбасы.