АСТАНА, 13 сәуір — Sputnik. Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы мәлімдегендей, жасауыл Рустам Жылқыбаев жұмыс барысында кешірілмейтін әрекет жасағаны үшін қызметтен босатылды.
Қазақстанның әлеуметтік желілерінде жасауылдың зілбалғамен есікті бұзып жатқан сәті түсірілген бейнежазба пайда болды. Sputnik Қазақстан агенттігіне палатаның БАҚ және халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі маманы Іңкәр Кенжесарина түсіндіргендей, бұл оқиға былтыр күзде болған. Борышкер несиесін уақытылы төлемей, біраз уақыт тәтесінің үйінде тұрып жатады. Осы мекенжай бойынша борышкерді тапқан жеке сот жасауылы осылайша сот шешімін орындамақ болыпты.
Аталған дерек бойынша Жылқыбаевтың әрекетін заңды деп таныған сот шешімі бар көрінеді, бірақ әріптестері жасауылға қолдау білдірмеген екен.
"Жеке сот орындаушысы институты жақында ғана құрылып, енді қалыптасып келе жатқанын ескеру керек, сол себепті кәсіби этиканы сақтау мақсатында 2016 жылы 8 сәуірде өткен Съезд барысында ҚР жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намысы кодексіне толықтырулар енгізілген болатын. Осы құжатта жазылғандай, мамандықтың беделін сақтап, ар-намысты қорғау және жеке сот орындаушысы институтының абыройын көтеру әрбір жеке сот орындаушысының адамгершілік борышы болып табылады. Қандай жағдай болмасын жеке сот орындаушысы лауазымды міндетін адал орындағанына күмән туғызатын әрекеттерге бармауы тиіс және жеке сот орындаушысы институтының беделі мен өзінің абыройына сызат түсіретін кикілжіңдерден аулақ болуы қажет", — делінген хабарламада.
"Палата басқармасы Жылқыбаев Р. Г. іс-әрекетін шектен тыс дөрекі, қатал әрі негізсіз деп санайды, өйткені ол біздің институтқа деген қоғам сеніміне нұқсан келтіреді. Бұдан бөлек, Жылқыбаев Р. Г. қызметі барысында Республикалық палата Жарғысы, Жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намысы кодексі және қазіргі ҚР Заңнамасы нормаларын бірнеше рет бұзған. Палата Басқармасының 2017 жыл 11 сәуірдегі шешімімен ЖСО ар-намысы кодексі, Палата Жарғысы және ҚР Заңнамасын бұзғаны үшін Жылқыбаев Р. Г. Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасынан шығарылды", — деп мәлімет берді ведомство.