АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Президент 2017 жылдың аяғына дейін латынша қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеуді ұсынды. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Осылайша алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Осы мәселеге қатысты өз пікірімен филология ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Шәкір Ыбыраев бөлісті.
Профессордың айтуынша, латын әліпбиіне көшу көп қиындық тудырмауы тиіс. Еліміз латын қарпіне біртіндеп көшпек. Әрі өзге елдердің тәжірибесін зерделеуге де мүмкіндік бар.
"Еліміздің әліпбиді ауыстыра алатындай деңгейі бар. Алысқа бармай-ақ, көрші мемлекеттердің латын әліпбиіне өту тәжірибесі көз алдымызда. Олардың кемшіліктерін де, жақсы жақтарын да зерттеп, біртіндеп өтуіміз керек. Әрі қазір балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әліпбиін үйреніп жатыр. Қазақ тіліне икемделген латын әліпбиін игеру ешқандай қиындық тудырмайды. Айталық, Өзбекстан латын әліпбиіне бір күнде көшкен жоқ. Әлі күнге дейін журналдары кириллицамен шығып, көшелерінде кездесіп қалады. Латын әліпбиімен тәрбиеленген ұрпақ кейін оларды оқудан қалып, өзінен-өзі ығыстырылып шығып қалады деп есептейді. Сөйтіп, олар аз шығынмен латын әліпбиіне көшуді жүзеге асырды", — дейді Шәкір Ыбырайұлы.
Ендігі маңызды мәселе — латын қарпіндегі қазақ әліпбиі қандай болуы керек? Елбасы биылғы жылдың соңына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау қажеттігін айтты.
"Қазіргі жазу емлеміз өте қиын. 42 таңбамен жазуда ереже көп. Іс жүзінде тілді үйренушіге, балаға оқытып жатудың өзі ауыр. Біразы оның біздің тілімізге тән емес таңбалар. Оның барлығын кириллицадан сол қалпы ала салғанбыз. Орыс тілінен кірген сөздерді сол қалпында жазайық деген принцип болған. Енді жазуды қиындатпаудың тиімді жолын қарастыру керек", — дейді филология ғылымдарының докторы.
Бүгінде мамандардың латын әліпбиіне көшу бойынша бірнеше нұсқасы бар. Шәкір Ыбырайұлының айтуынша, техника саласындағы ғалымдар тіліміздегі кейбір дыбыстарды латын әліпбиі бойынша екі не үш таңбамен беруді ұсынады. Ал филолог ғалымдардың пікірінше, қазақ тілінің дыбысталу жүйесіне сайма-сай келетін әріп жүйесін алу керек. Бұл жоба бойынша қазақ әліпбиінде 32 таңба, тіпті, оны 30 таңбаға дейін азайтуға болады. Профессор осы әліпби қазақ тіліндегі кез келген сөзді жазуға толығымен жетеді деп есептейді.
"Техникалық жағынан сол қалпында ешқандай таңба қоспай, қолдана берейік деген техника саласындағы ғалымдардың пікірі бар. Мен оған қосылмаймын. Себебі, біріншіден, компьютерде жоқ таңбалардың барлығын екі, үш таңбамен басатын болсақ, мәселен, жазудың көлемі ұлғая бастайды. Біз тез, қысқа ғана жазудың орнына ұзақ жаза бастаймыз. Мысалы, екі, үш таңбамен беретін әріптер өте жиі кездеседі. Мысалы, әзербайжандар латын әліпбиін қабылдағанда, ә дыбысын а әрпінің үстіне нүкте қойып бермек болғанда, көпшілік үзілді-кесілді қарсы шақты. Әзербайжанша жазылған бір мәтінді көрсеткенде, әлгі мәтіннің бетінің бәрі нүктеге толып кеткен. Өйткені әрбір сөзде дерлік ә дыбысы қолданылады екен", — дейді ол.
Сондықтан, профессордың айтуынша, әріп санын көбейтпейтін латын әліпбиін жобасын ойластыру керек. Бұл жерде қазақ тілін меңгеретін өзге ұлт өкілдерін де ұмытпаған жөн.
"Келешекте қазақ тілінде басқа ұлттар да сөйлеуі керек. Сол кезде қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс оқу үшін әр дыбыстың дәлме-дәл таңбасы болуы тиіс. Сонда жазулы тұрған дүниені оқиды. Қазақ тілін білмейтін, қазақтың төл әріптерін дыбыстап көрмеген адам екі, үш таңбамен жазып қойғаннан кейін ұмытып қала береді, шатастырады. Мектеп баласының да "ң" әрпін үш таңбамен жазасың деп миын ашытып керек емес. Тіл білмейтін адам оның бүкіл ережесін, емлесін қарап отырмай-ақ, бірден латын әліпбиімен қазақ тілінде дыбысталатындай болып оқылуы керек. Әйтпесе, ережемен жаза беруге болады, бірақ қаптаған ережені оқи ма, әлде тілді оқи ма — осыны қатты ескеруіміз керек. Біздің тіліміздің дыбысталуы жүйесіне сайма-сай келетін 30-32 таңбалық латын әліпбиін қабылдау керек деп ойлаймын", — деп бөлісті филолог ғалым.
Сонымен бірге, профессордың пайымдауынша, бұл әңгімені тым ұзаққа созып, әркімнің тартысына, талқысына салып, саяси дауға айналдырудың еш қажеті жоқ.