АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндағандай, Қазақстан 1995 жылы ИЫҰ-ның толыққанды мүшесіне айналды. Бұл еліміздің ИЫҰ-ға мүше мемлекеттермен байланыс орнатуға, ҚР-дың ислам кеңісітігіндегі саяси және экономикалық процестерге белсенді қатысуына септігін тигізді.
Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімге Қазақстан 2015 жылы Стамбұл қаласында қол қойды. Бас келісім арқылы Қазақстан сауда, инвестициялар ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.
"Сауда саласында келісім мүше елдердің бір-бірімен тең құқылы және кемсітпейтін сауда қатынастарын қолдануға, сауда алмасуларын кеңейтуге және дамытуға күш-жігер жұмсауға ұмтылыстарын көздейді. ИЫҰ көптеген елдері еліміздің басты сауда әріптестері болып есептелмейді. Дегенмен, Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы ИЫҰ-ға мүше елдермен сауда көлемінің үлесі ілгерілемелі түрде өсіп келеді. Үлесі Қазақстан экспортының 11,4%-ын құрайтын ИЫҰ-ға мүше елдер біз үшін отандық өнімді, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығы ретінде қызығушылық тудырады", — деді Сүлейменов.
Министр ИЫҰ институттарының бірі болып табылатын Ислам даму банкінің қолдауын атап өтті. Бас келісімді ратификациялау Қазақстанның ислам әлемімен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға деген ниетін растайды, және осындай ынтымақтастықтың құқықтық өрісін кеңейтеді.
"Капиталдан басқа ислам елдерінде озық технологиялар бар. Осы кезеңде мұнай экспорттаушы елдер аталған шикізаттың экпортына негізделген даму моделін өзгертуге тырысуда. Олар ақпараттық-коммуникациялық технологияларға сүйенетін экономиканың озық секторларын қаржыландыру арқылы экономикалық жаңғырту саясатын жүргізуде. Бұл ретте Қазақстанға сарапшылар тарту, бірлескен зерттеулер жүргізу және білім беру стипендияларын алу арқылы тәжірибе және техникалық мүмкіндіктермен алмасуға мүмкіндік беріледі", — деді ол.
Қазақстан бас келісімге екі ескертпе және бір мәлімдемемен қол қойған.
"Атап айтқанда, 1.6-бапқа ескертпе: "Қазақстан Үкіметі бас келісімнің 6-бабын осы келісімге қатысушыларға Қазақстан қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерге залал келтірмей, кез келген басқа үшінші мемлекет үшін қолайлылығы кем емес режимді ұсыну міндеттемесі ретінде қолданатын болады". 2.8-бапқа ескертпе: "Қазақстан Республикасының Үкіметі бас келісімді өзі қатысушысы болып табылатын еркін сауда аймағы және кеден одақтары туралы келісімдер шеңберінде бекітілген өз құқықтары мен міндеттемелеріне залал келтірмей қолданатын болады. Қазақстан Республикасының Үкіметі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жүргізілетін сыртқы сауда саясатына сәйкес Ислам конференциясы ұйымына мүше мемлекеттермен преференциялық сауда келісімдерін жасасу және/немесе саудада жеңілдік режимін белгілеу құқығын өзінде қалдырады". Мәлімдеме: "Қазақстан Республикасының Үкіметі Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімнің Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына қайшы келмейтін ережелерін орындайтынын мәлімдейді", — деп баяндады Сүлейменов.