АСТАНА, 7 сәуір — Sputnik. Бейсенбі, 6 сәуір күні Мәскеу-Алматы рейсімен ұшып келе жатқан жолаушылар ұшағы шұғыл түрде Самара халықаралық әуежайына қонды деп жазады Волга Ньюс.
Ұшақтың бортында 147 адам болған. Жолаушылардың бірі, 17 жастағы қыздың денсаулығы күрт нашарлап кеткендіктен, сағат 06.30 кезінде ұшақ әуежайға қонған.
Бастапқы берілген мәліметтер бойынша, қыз дзюдошылар командасымен жарыстан оралып келе жатыпты. Спортшының бапкері түсіндіріп өткендей, бойжеткен жарыс кезінде мойын және бас жарақатын алып, ұшақ әуеге көтерілгенде, есінен танып қалған.
Қыз әуежайдан Середавин атындағы ауруханаға жеткізілді, ал ұшақ бағдар бойынша әрі қарай аттанып кетті.