АСТАНА, 5 сәуір — Sputnik. Көкшетауда құқықбұзушылық әрекетті тоқтатпақ болған Ұлттық ұлан капитанына бұзақылар шабуыл жасады деп хабарлады №5510 әскери бөлімше Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Оқиға 5 сәуір күні түнде Көкшетауда болған. Әскери бөлімшенің капитаны Ермек Мұхамеджанов үйінен шыға бергенде, көмек сұрап шақырған әйел адамның даусын естиді. Әскери қызметкер бейтаныс жігіттердің қызды соққыға жығып жатқанын көрген. Офицер оларды тоқтатпақ болып, жандарына жүгіріп барады.
Мұны көрген жас жігіттер капитанға тап беріп, төбелес басталып кеткен. Бұзақылар әскери қызметкерге пышақ салып, қашып кетіпті. Ол екі арада қыз полиция мен "жедел жәрдемді" шақырады. Қазіргі уақытта капитан үйінде, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.