АСТАНА, 5 сәуір — Sputnik. Максим Арышевтің достары мен таныстары Санкт-Петербургтегі "Сенная площадь" метро станциясында қазақстандық Максим Арышевке ескерткіш мемориалын орнатады.
Максим Арышев Санкт-Петербург мемлекеттік экономика университетінің үшінші курсында оқып жүрген еді. Студенттер мен оқытушылар оның ақ жарқын, досқа адал, елгезек жан болғанын айтады.
21 жастағы алматылық Максим Арышевтің Петербург метросында болған жарылыстан қаза тапқаны туралы сейсенбі күні белгілі болды. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары оның терактіні ұйымдастыруға қатысы бар деп жалған айып таққан болатын. Максимнің анасы ұлына жала жапқан тілшілерді сотқа бермейтінін мәлімдеді.
Қаза тапқан қазақстандықтың сүйген қызы Александра Максимді "кең пейілді, адамгершілігі мол жан" деп еске алады.