АСТАНА, 4 сәуір — Sputnik. Бүгін Астана қаласында алғаш рет Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысы әкімдігінің бастамасы бойынша 40-тан астам отандық және шетел ғалымдары ортағасырлық Сарайшық қалашығын сақтап қалу бойынша алдағы жұмыстар мен ғылыми зерттеулердің қорытындысын талқылау үшін жиналды.
"Сарайшық: ұлы қала тарихы" халықаралық конференциясының ашылуында сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көне Сарайшық қалашығын келешек ұрпақ үшін сақтап қалудың маңызына тоқталды.
"Жаһандану заманындағы келеңсіз дүниелерге төтеп беру үшін өскелең ұрпақтың бойына ұлттық қаситтерді, дәстүрлі мәденитетті сіңіру қажет. Бұл ретте Сарайшықты қалпына келтірудің маңызы зор. Қазір елімізде Ұлы Жібек жолы стратегиясы іске асып жатыр. Инфрақұрылым дамытылуда. Еліміздің барлық елді мекендерін бір-бірімен қосу, көршілерімізбен тығыз қарым-қатынас орнату жөніндегі мәселелерді қолға алып жатырмыз. Осының аясында біз мәдениетіміз бен дәстүрімізге ерекше көңіл бөлгеніміз жөн", — деді Ноғаев.
Атырау облысының басшысы атап өткендей, қазақта отырықшылық, қалалық мәдениеттің болғанын Сарайшықтағы қазба жұмыстары дәлелдеп отыр.
"Сарайшық Атырау облысы тұрғындарының немесе осы саламен айналысатын ғалымдар, тарихшылар, археологтардың айтатын әңгімесі ғана емес, Сарайшық — біздің мақтанышымыз. Біз осыны түсініп, білуіміз керек", — деп түйді сөзін әкім.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Сарайшық қаласының өз заманындағы Батыс пен Шығысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда және мәдени орталық болғандығын атап өтті. Сарайшық туралы мәліметтер ортағасырлық араб, парсы, батыс деректерінен кездеседі. Сарайшықта Алтын Орда және қазақ хандары пантеонының болуы, белгілі тұлғалар мен мұсылман діні қайраткерлерінің жерленуі бұл қаланың маңызын одан әрі арттыра түседі.
"Дегенмен, бүгінгі таңда тарихи қаламызға қатысты проблемалар да жетіп артылады. Сарайшық қалашығына табиғи-климаттық мен антропогендік факторлардың әсері күшті болып отыр. Осыған орай, қалашықты сақтау және қалпына келтіру мәселелері өзекті. Бұл проблемаларға біз білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудартуымыз керек. Сөйтіп, ұтымды бірлескен шешімдер қабылдағанымыз жөн", — деп атап өтті министр.
Ол сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі "Сарайшық" қалашығының археологиялық ескерткіштерін реставрациялау және консервациялау жұмыстарының жобалау-сметалық жұмыстарын әзірлеп, 2017 жылы қалашықты консервациялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Отандық ғалымдардың пікірінше, Сарайшық қалашығы еліміздің туристік тартымдылығын арттырады. Ол үшін көне мұраны ашық аспан астындағы музейге айналдырып, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға күш салған жөн. Сондай-ақ, облыстық "Хан Ордалы Сарайшық" музей-қорығының жұмысын жетілдіру қажет.
Тарихи ескерткіштің құжатына сәйкес, көне Сарайшық қалашығының аумағы 100 гектарға жетеді, алайда Жайық өзені шайып, оның аумағы жылдан-жылға азайып келеді. Қазіргі таңда қалашықтың басым бөлігі бұзылған.
Сарайшық қалашығы XIII-XVI ғасырларда салынды. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтан Шығыс пен Батыстың ортағасырлық өркениетті орталықтармен сауда-экономикалық және мәдени байланысы туралы ақпарат беретін және Алтын Орда дәуірінің қалалық мәдениетінің бай материалдары табылды. Сарайшықта сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Оларды атақты сәулет өнері мектептерінен өткен дарынды шеберлер тұрғызған, қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу де кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалды.