АСТАНА, 3 сәуір — Sputnik. Бейнеу-Атырау тас жолындағы жол апаты бес адамның өмірін қиды, оның ішінде екі жасар сәби де бар деп жазады өңірлік "Лада" басылымы.
Тас жолда Toyota Camry және "КамАЗ" автокөліктері соқтығысқан. Маңғыстау облыстық ауруханасының санавиация бөлімінің диспетчерлік қызметіне 3 сәуір күні 02.00-де қоңырау келіп түскен. Toyota Camry автокөлігінде үш ер адам, бір әйел адам және үш бала болған.
"Оқиға орнында ер адам, әйел және 2014 жылы туған сәби қаза тапты, 2005 және 2006 жылдары туған екі бала жан сақтау бөлімінде жатыр. Отбасы Атырау қаласында тұрады екен. Бейнеу және Ақтөбенің 1982, 1987 жылдары туған екі тұрғыны оқиға орнында көз жұмды", — деп хабарлайды диспетчерлік қызмет.