АСТАНА, 29 наурыз — Sputnik. Жел күшейіп, қар еруіне байланысты Қазақстанның бірқатар облысында дауылды ескерту жарияланды деп хабарлайды ҚР ІІМ төтенше жағдайлар жөніндегі комитет баспасөз қызметі.
Астана қаласында 30-31 наурызда оңтүстік-батыстан соққан желдің күші 15-20, кей уақытта екпіні 23 м/с күшейеді, көктайғақ, тұман күтіледі.
30-31 наурызда Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында оңтүстік-батыс, батыстан соғатын желдің күші 15-20, екпіні 25 м/с, күндіз 30-ы, түнде 31 наурызда кей жерлерде 30 м/с аса күшеюі күтіледі. Кей жерлерде көктайғақ, тұман, жаяу бұрқасын күтіледі.
Бұдан бөлек, наурыздың 29-30 аралығында жылымық кезеңге және жауын – шашынға сәйкес Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігіндегі өзендерде қар еруінің күшеюі және жергілікті ағынның пайда болуы күтіледі, су басулар болуы мүмкін.
Таяудағы 30 наурызда күшті жауын-шашын болжамына сәйкес Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының аласа таулы өзендерінде еріген қар-жаңбырлы су тасқының және беткейлік ағынның пайда болуы күтіледі.
Күндіз 30-ы, түнде 31 наурызда Жамбыл облысында оңтүстік-батыс, батыстан соғатын желдің күші кей жерлерде 15-20, екпіні 23-28 м/с, оңтүстік-батыста 30 м/с аса күшеюі күтіледі.
Қар жамылғысының биік болуына және жылымықтың аясында жауын-шашынның түсуіне байланысты Алматы облысының таулы аудандарында, Талас Алатауы және Өгем жотасында 29-31 наурыз аралығында қар көшкіні қаупі сақталады. Басқа таулы аудандарда өздігінен болатын қаркөшкіндері күтілмейді. Қар көшкіні жүруін ұрындырмау үшін тау бөктерлеріне шығуға тыйым салынады.