АСТАНА, 29 наурыз — Sputnik. Қазақстанның жастар футбол құрамасы (21 жасқа дейін) сейсенбі күні Люксембургтегі құрдастарын 2:1 есебімен ұтты.
Бұл ойын 2019 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында Люксембургте өткен болатын әрі қос команданың тоғызыншы іріктеу тобындағы алғашқы матчы еді.
Алғашқы голды алаң иелері соқты: жетінші минутта қазақстандық қорғаушы Дәурен Мәжитов өз айып алаңында ереже бұзғандықтан, төреші пенальти тағайындады. Сөйтіп, алаң иелерінің шабуылшысы Эдвин Муратович он бір метрлік соққыны жүзеге асырды.
Қазақстандықтар 35-ші минутта есепті теңестірді, голдың авторы – жартылай қорғаушы Александр Соколенко. Ал екінші таймда тағы бір хавбек – Геворг Наджарян гол салып, Қазақстан құрамасына осы іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңісті әкелді.
Қазақстан жастар құрамасының келесі матчы 13 маусымда өз алаңында Черногория командасына қарсы өтеді.