АСТАНА, 28 наурыз — Sputnik. Павлодарда шағын автобус шопырының не үшін өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды деп хабарлады Павлодар облысының полиция ведомствосы Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Сот алды тергеу барысында анықталғандай, ер адам отбасындағы кикілжіңдер салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған. Шопырдың отбасы, әйелі мен екі баласы бар екен. Әйелінің сөзіне сүйенсек, соңғы кездері ақша жетіспегендіктен күйеуі екеуі арасында ұрыс-керіс жиі шығып, тіпті ажырасу туарлы сөз болған. Отбасынан айырылып қалғысы келмеген ер адам жалақысы көбірек басқа бағдарға ауысуға тырысады, алайда оған мүмкіндік болмайды. 2 наурыз күні әйелі шешім қабылдап, ажырасуға арыз беріпті.
20 наурыз күні ерлі-зайыптылар тағы ренжісіп қалады да, әйел таксиге мініп, Екібастұздағы анасының үйіне кетеді, ал күйеуі жұмысқа баратынын айтқан. Келесі күні түске қарай полиция қызметкерлері хабарласып, күйеуінің микроавтобустың ішінде асылып қалғанын хабарлайды.