АСТАНА, 28 нау — Sputnik. 1 сәуірден бастап Астана теміржол вокзалында жолаушылар тексерілетін болады, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
"2017 жылғы 1 сәуірден бастап әскерилендірілген теміржол күзеті жолаушыларды және олардың жүктерін тексеретін болады. Бұл жұмысқа 149 қызметкер тартылады", — деп атап өтті баспасөз қызметінде.
Инспекторлар тиісті дайындықтан өтіп, оқыс оқиға кезінде қолға алынатын шараларды, жолаушылармен сыпайы қарым-қатынас негіздерін үйренеді.
Бұдан бөлек, "Көлік инфрақұрылымы нысандарындағы тексеру" бағдарламасы бойынша 300-ден астам қызметкер оқытылады. Олар Астанадағы жаңа вокзалда жұмыс істейтін болады.
Айта кетсек, Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарындағы тексеру құрылғылары бір айдан бері жұмыс істеп тұр. Осы уақыт аралығында теміржол күзеті қызметкерлерінің қателігінен оқыс оқиға тіркелген жоқ. Жолаушыларға қажетті барлық ақпарат қос тілде берілген.
"Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары 12 рентгендік телеаппараттар мен тексеру қондырғыларымен қамтамасыз етілген. Оның сегізі Алматы-1 және төртеуі Алматы-2 станцияларына орнатылған", — дейді Алматы магистральдық желі дирекциясының вокзал шаруашылығы жөніндегі директорының орынбасары Ерік Шыңтеков.
Жолаушылар мен вокзалға келушілер өздерін және жүктерін тексеруге түсіністік танытуда. Тұрғындар тексеріс жүйесінің қажеттілігін айтып, инспекторлардың ізеттілігі мен жеделдігіне ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Үкімет қаулысына сәйкес, жолаушыларды тексеру лаңкестік қауіптің деңгейіне байланысты қолға алынды. Қауіптің қалыпты ("сары") деңгейінде жолаушылар мен олардың қол жүктері ішінара тексеріледі. Лаңкестік қаупі жоғары болған кезде барлық жолаушы мен олардың жүгі тексеріледі.
Тексеру кезінде аса қауіпті (қару, оқ–дәрі, жарылғыш заттар) заттар табылған жағдайда, тексеруші инспектор арнайы мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдары қызметкерлерін шақырады.