АСТАНА, 25 наурыз — Sputnik. Полицейлердің айтуынша, ер адам есепті төлемей кеткен келушілердің соңынан қуамын деп қазаға ұшыраған.
Оқиға 20 наурыз күні Ақтөбе қаласындағы "Достар" дәмханасында болған. Екі ер адам жеген астарының ақысын төлемей кафеден кетіп қалмақ болыпты. Келушілердің соңынан қуған дәмхана әкімшісі екі ер адам мінген көліктің есігінен жармасып үлгереді.
"Есепті төлемей кеткен келушілердің соңынан қуған дәмхана әкімшісі олар мінген көліктің есігінен жармасып үлгерген. Қатты жылдамдық әсерінен ер адам қолын босатып жіберіп, алған жарақатынан көз жұмады. Бастапқы сараптама барысында қаза тапқан ер адамның денесінен суық қару немесе оқ ататын қарудан алған жарақат белгілері табылған жоқ. Күдіктілер – Ақтөбе қаласының 29 және 30 жастағы тұрғындары ұсталды. Тергеу жалғасуда", — деп мәлімдеді Ақтөбе облысы ІІД тергеу басқармасының бастығы Болат Күшқалиев брифингте.
Полицейлер атап өткендей, сот-медициналық сараптама қорытындысы алынған соң, күдіктілерге айып тағылатын болады.
Бұдан бұрын БАҚ-да белгісіз біреулер дәмхана әкімшісін көлікке байлап сүйреп, кейін бірнеше мәрте пышақ салғаны туралы ақпарат тараған еді.