АСТАНА, 24 наурыз — Sputnik. Алматы облысындағы трассада екі жеңіл көлік соқтығысқан. Жол апатынан сегіз адам мерт болып, бір бала тірі қалды, деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жол апаты Еңбекшіқазақ ауданында 23 наурыздан 24 наурызға қараған түні Алматы — Көкпек — Көктал трассасының бойында болды.
Қазақстан ауылының маңында Nissan Primera мен Toyota Vista көліктері соқтығысқан. Апат салдарынан 8 адам қаза тапты, оның ішінде екеуі 2015 және 2017 жылы туған балалар. Тірі қалған сегіз жасар бала ауруханаға жеткізілді.
Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып, сараптама тағайындалды.