АСТАНА, 24 наурыз — Sputnik. Қарағанды облысы Спасск ауылынан 20 шақырымдай жерде болған жол апаты салдарынан бес адам қаза тапты деп хабарлады Қарағанды облысы ішкі істер департаменті баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Полиция берген мәліметке сүйенсек, жол апаты 21 наурызда Қарағанды-Балқаш автожолында болған. Бастапқы мәлімет бойынша, Mercedes-Benz көлігінің 26 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бетке өтіп кетіп, Toyota көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
"Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Toyota көлігінің екі жолаушысы ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы ауруханаға жатқызылды", — деп хабарлады Құдияров.
Жол апаты дерегі бойынша ҚР ҚК 345-бабы, 4-бөлігіне сәйкес сот алды тергеу ісі жүргізіліп жатыр.