АСТАНА, 21 наурыз — Sputnik. Есік қаласының перинаталдық орталығында Алматы облысының 2 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.
Сәбидің ата-анасы – Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары Жарқынай Еменақынова мен Диас Шорманов. Оларды екінші нәрестесімен облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келіп құттықтап, екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті.
"Ұлыстың ұлы күні Алматы облысында екі миллионыншы тұрғынның өмірге келуімен басталып отыр. Сәбидің жарық дүниеге келуі — отбасы үшін әрқашан ерекше қуаныш, ал облыстың екі миллионыншы тұрғынының өмірге келуі — өңіріміз үшін ерекше тарихи оқиға. Сіздерді үлкен қуанышпен шын жүректен құттықтаймын", — деді өңір басшысы.
Жаңа туған сәбидің анасы 28 жастағы Жарқынай Еменақынова Есік гуманитарлық колледжінде психология пәнінің оқытушысы болып еңбек етеді. Ал әкесі Диас Шорманов – мектеп директорының орынбасары. Баланың ата-анасы облыс әкіміне алғыс айтып, өңірдің екі миллионыншы тұрғынына есім беруді ұсынды. Амандық Баталов сәбидің есімін президенттің құрметіне Нұрсұлтан деп қойды.