АСТАНА, 17 наурыз — Sputnik. Астана мен Маңғыстау облысының екі шенеунігінен кешенді аттестациялау кезінде жалған құжаттар табылған, сол себепті олардың қызметі төмендетіледі деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова.
"Сіздерге мысал ретінде екі жайтты айтып берейін. Біреуі – Астана қаласы автокөлік жолдары басқармасының басшысы және екіншісі – Маңғыстау облысы индустриялық-инновациялық саясат басқармасының басшысы. Бұл адамдар мемлекеттік қызметке жалған құжаттармен тұрған", — деді Шайымова.
"Аттестацияға дайындық кезінде біз әрбір қызметкерді мұқият қарап, барлық деректерді сараптадық. Тексеру барысында осындай сұмдық жайттар анықталды", — дейді ол.
Екі шенеуніктің де қызметі төмендетілетін болады. Аттестациялық комиссияның шешімі жыл соңына дейін атқарылады.