АСТАНА, 10 наурыз — Sputnik. Бурабайдағы асқа келген қонақтардың жаппай улануына қатысты істің қорытындысы шығарылды. Ауруды жұқтырушы — "Нұрсәт" мейрамханасының қызметкерлері деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Сальмонеллез жұқтырушы мейрамхана қызметкерлері болып шықты. Сараптама нәтижесінде, үш қызметкерден сальмонеллез қоздырушы — "сальмонелла тифимириум" табылды", — деп түсіндірді Бурабай ауданы тұтынушылар құқығын қорғау бойынша басқарманың басшысы Серәлі Жолдоспаев.
Оның берген мәліметіне сүйенсек, тексеру барысында мекемеде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы анықталған: жиһаз, ыдыс-аяқ, қасықтар дұрыс тазартылмаған. 15 сынамадан ішек таяқшасы, үшеуінен – стафилококк қоздырушысы, төртеуінен – сальмонеллез қоздырушысы табылыпты.
Мейрамхана басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, ал бас аспазға 10 АЕК айыппұл салынды. "Нұрсәт" кешені уақытша жабылған: тәртіп бұзушылықтармен жұмыс жүргізіліп жатыр.