АСТАНА, 10 наурыз — Sputnik. Жамбыл облысы Күреңбел, Қызыларық, Қошқарата және Жетітөбе ауылдық округтерінің әкімдері өздерімен бірге, қол астындағы қызметкерлерге заңсыз сыйақы аударған деп хабарлайды Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
"Сыйақыны әдетте жақсы немесе үздік еңбек атқарған кезде береді. Қай жұмысты үздік деп тану әкімдердің өз еркінде. Прокуратура қомақты ақшалай сыйлықтың не үшін төленгенін, шенеуніктердің бюджетке келтірген зиянын тексереді", — деп түсіндірді облыстық прокуратура баспасөз қызметінің өкілі Абырой Азаматов Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Прокуратураның сөзіне сүйенсек, әкімге тәртіптік жаза тағайындалса, сыйақы төленбеуі тиіс. Алайда Қошқарата ауылдық округының әкімі тәртіптік жазаға ұшырағанына қарамастан, өзіне 198 мың теңге сыйақы бөлген.
"Шенеунік зейнеткерлікке шыққандықтан ғана тәртіптік жазадан құтылып кетті, дегенмен ақшаны мемлекетке қайтаруға мәжбүр болды", — делінген қадағалау органының ресми хабарламасында.
Өзге үш әкім сынақ мерзімінде жүргендеріне қарамастан, қол астындағы қызметкерлеріне 400 мың теңге көлемінде заңсыз сыйақы төлеген.