АСТАНА, 9 наурыз – Sputnik. Димаштың Қытайдағы фанаттары Қазақстанға арнайы келіп, елімізді біраз зерттегенге ұқсайды. Тіпті қазақтың ұлттық тағамдарын біліп алыпты. Димаштың қарны ашып қалмасын деп, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп әкеліп, әншіні таңғалдырған. Бұл туралы инстаграмдағы парақшасында әншінің досы, продюсері Алпамыс Шаримов жазады.
"Димаштың @kudaibergenov.dimash жанкүйерлері күннен-күнге таңқалдыруларын қоймайды. Расымен, мақтанға салынбайықшы деп, көп тосын сыйларды жариялай бермейміз. Бірақ, бүгінгісі ерекше! Қытай фанаттары арнайы Қазақстанды зерттеп, виза ашып, елімізге барыпты. Димаштың қарны ашып қалмасын деп, қазақ ұлттық тағамдарын дайындап бүгінгі түскі аста бізді таңқалдырды. Қазы-қарта, тары-талқан, құрт-май, жеміс-жидек бәрі бар! Жырақта жүрген жан үшін бұл тағамдардың орны ерекше екені сөзсіз! Қорап-қорап сыйлық. Әлі ашып та үлгермей жатырмыз! Барлығы әншісіне деген ниеті ғой жанкүйерлердің", — деп жазады Шаримов.
Жалпы, оның айтуынша, Димашқа арналған фан-топтар көп екен.
"Бұл #DimashSisters яғни "Димаштың қарындастары" атты фан топтың сыйлығы. Қиалдарында шек жоқ қой шіркін!? Қандай керемет!.. Димаштың атынан барша #DimashSister фан тобының қыздарына алғыс білдіремін! Бүгін біз расымен де ауылға барып қайтқандай болдық!!! Раxмет, Dears!", — дейді әншінің досы.