АСТАНА, 5 наурыз — Sputnik. Қытайда өнер көрсетіп жатқан Димаш Құдайберген байқаудың жетінші кезеңінде "Адай" күйі мен "Дайдидау" халық әнін шырқағаннан кейін, көңілі босап, көз жасына ерік берген. Бұл туралы әншінің досы әрі продюсері Алпамыс Шаримов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Кешір Димаш!.. Бір сырымызды бөлісемін. Саxна сыртына келіп мені құшақтап жылап алды… еңкілдеп тұрып жылаған Димаш "мақсатым осы болатын еді ғой, досым" деп ағынан жарылды!.. Димаштың осыншама толқығанын бұрын көрмеп едім… Расымен де, саxнада толқып тұрды, кәсіби күйші болмаса да "Адайды" тартты! 24 сағат қасында жүрген "мен білемін" деп айта аламын: Бүгінгі күн ол үшін ерекше болды! – деп жазады Шаримов.
Оның айтуынша, Димаштың өнер көрсеткеніне бір күн өтпей жатып, қытай сайттары қазақтың аспаптарын зерттеп жатыр екен.
"Бір ғанибет!.. "Адажио" болсын, "S.O.S" —те де Димаш осылай қуанбаған шығар!.. Жүрегі баладай тап-таза Досымнан айналдым! Мен Сені, Сенің өнерге деген маxаббатыңды, Сенің өнер деп соққан жүрегінді жақсы көремін!.. Бауырым, Досым @kudaibergenov.dimash алда талай жеңіс бар! Алға!!! Қазақстаннан қолдап келген музыкант жігіттер мен қыздарға, менің жаңа достарыма мың алғыс!",- дейді әншінің досы.
Димаштың өзі де бұл күн үшін ерекше болғанын атап өтті.
"Адай" күйі мен "Дайдидауды" миллиардтар тыңдады! Саxналық образымнан бастап қолдау көрсеткен Қазақ Ұлттық Өнер университетіне және ректоры АЙМАН ҚОЖАБЕКҚЫЗЫ МҰСАХОДЖАЕВАға алғыс айтамын! Тұрар ағайым мен Майра апай бастап келген достарым, аспапшылар Олжас Құрманбек, Мақсат Мадыкаримов, Ернат Наурыз, Саджана Мурзалиева, Сабина Абаева, Ерзат Молдақұл, Темірлан Олжабай бауырларыма үлкен раxмет! Әнді әрлеген Бақытбек Зейнелов ағам мен Ерлан Бекчурин @erlanbekchurin досыма ерекше ілтипатымды білдіремін! Әр тілекшіге басымды иемін, құшақтадым баршаңызды! Қашанда мені қолдайтын жанкүйерлерім Dears Сіздерді жақсы көремін!", — деп жазды әнші Instagram желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген I am a Singer конкурсының жетінші кезеңінде "Дайдидау" халық әнін орындап, үшінші орын иеленді. Кеше әншінің қазақ әнін халық аспаптары ансамблінің сүйемелдеуімен шырқаған сәті эфирге шықты.