АСТАНА, 7 наурыз — Sputnik. Сотта психиатриялық аурухананың бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаеваның өліміне қатысты бірнеше жайттар анықталды: істің дерегіне сүйенсек, кісі өлтіруді ұйымдастырған әйел орындаушыға қомақты қаражат төлеуге уәде берген.
Қостанай облыстық соты берген мәлімет бойынша, 2017 жылы жәбірленуші – амбулаториялық сот-психиатриялық сараптаманың төрайымы Сандыбаева мен күдікті – Қостанай облыстық психиатриялық ауруханасының бөлім меңгерушісі, 1972 жылы туған И. арасында қызметке байланысты кикілжің туындаған. Сол кезде күдікті кісі өлтіруге бел буыпты.
Әйел адам бұрынғы пациентін Сандыбаеваны өлтіруге көндіріп, 20 мың доллар төлеуге уәде берген. Ол өз кезегінде тағы екі адамды жалдап, 20 ақпан күні 08.10-да Р. Сандыбаеваны өлтірткізеді.
Қостанай қаласы №2 соты бұлтартпау шарасы ретінде күдіктіні екі айға қамауға алуға шешім қабылдады. Қаулы заңды күшіне әлі енген жоқ.