АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Бүгін Білім және ғылым министрлігінің өкілдері орталық коммуникациялар қызметіне келіп, ресми мәлімдеме жасады. Олар соңғы күндері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жоғары оқу орындарында бірқатар мамандықтар оқытылмайтын болды деген ақпараттардың жалған екенін алға тартып отыр. Тіпті осы күндері министрліктің сайтына кибершабуыл да жасалыпты.
Айта кетсек, өткен аптада білім министрлігінің айналасында шу шықты. Нақтырақ айтқанда, министрлік жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандықтарының жаңа классификаторын енгізді деген әңгіме тарады. Жаңа тізбеде "Қазақ тілі", "Қазақ əдебиеті", "Қазақстан тарихы", "Лингвистика", "Шығыстану" сияқты мамандықтар жоқ болып шықты. Мұны ұлт мүддесіне қарсы жасалған іс деп, наразылық білдірген еліміздің бір топ ғалымы үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Марат Тәжин мен мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың атына хат жолдаған. Бұл ашық хат кейін бірқатар ақпарат құралдарында жарияланды.
"Менің ойымша қол қойған кезде ол академиктерге де белгілі ақпаратты дұрыс жеткізбеген шығар. Сондықтан, өкінішке қарай, ол кісілер білмей қол қойған. Ал, ашық хаттың ішіндегі сабақтар жойылды, Қазақстандағы мамандықтардың арасынан қазақ тілі алынып тасталды деген ақпарат шындыққа жанаспайды", — деп жауап берді бүгін тілшілердің сұрағына жоғары жəне жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Закі.
Оның атап өтуінше, 2009 жылы қабылданған мамандықтар тізбесі өзгерген жоқ.
"Қазір Қазақстанда жалғыз заңды түрде бекітілген құжат бар. Ол — жоғарғы оқу жəне жоғарғы оқудан кейінгі жіктеуіш. Осы құжат 2009 жылы бекітілген, содан бері өзгерген жоқ. Осы мамандықтарға байланысты кейін мемлекеттік гранттар бөлінеді, ал қазір қазақ тілі жəне əдебиеті пəні бойынша жеті мыңнан аса маман оқып жатыр. Оның ішінде екі мыңнан астамы грантта. Жалпы, биыл да, келешекте де ол бағытта өзгерістер болады деп көздеп отырған жоқпыз", — деді ол.