АСТАНА, 6 наурыз — Sputnik. Білім және ғылым министрлігі соңғы күндері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған ақпараттардың бәрі жалған деп мәлімдеді.
"Білім және ғылым министрлігі Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін қажетті шараларды қолға алып жатыр. Алайда соңғы күндері ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату және арандату фактілері болғанын білесіздер. Бұл білім және ғылым салаларын дамыту бағдарламасының беделін түсіруге бағытталған қадам. Министр өз пікірін айтып, жариялағанын білесіздер. Біз де министрлік атынан осы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасау үшін келіп отырмыз", — деді бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында вице-министр Эльмира Суханбердиева.
Оның айтуынша, 2009 жылы қабылданған мамандықтар классификаторы өзгерген жоқ.
"Қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, лингвистика, шығыстану мамандықтары да өз орнында. Ештеңе өзгерген жоқ, өзгермейді де. Болашақта жаңа классификатор дайындалған жағдайда да аталған мамандықтардың орны сақталатыны туралы ресми түрде мәлімдегім келеді. Желіде сөз болған құжаттың қайдан пайда болғаны белгісіз. Қалай болса да, бұл жалған ақпарат. Тағы қайталаймыз, 2017 жылғы бірінші ақпанда ешқандай жаңа классификатор қабылданған жоқ. Бұны Әділет министрлігі де дәлелдеді. Университеттерімізде қазақ тілі мен әдебиеті кафедралары бәрі де өз орнында. Олардың жабылуы туралы ақпарат та жалған", — деп мәлім етті вице-министр.
Вице-министр әліппеге қатысты жағдайға да түсініктеме беріп өтті.
«Əліппе жөнінде қысқаша хабарлама: əліппе дайындық сыныпта оқытылады. Бұл шешімді біз 2016 жылы педагогтармен келісе отырып, қабылдадық. Қазір мектепке баратын балалар əріп танып, оқи алады. Сондықтан, осындай шешімге келдік. Ал, 1-сыныптарда сауат ашу пəнінің орнына ана тілі пəні оқытылады», — деді Суханбердиева.
Ол "Серпін" бағдарламасы да жабылған жоқ деп отыр.
«Бұл да жалған ақпарат. Ол да керісінше кеңейтіліп жатыр. Былтыр қосымша 500 орын бөлдік, бəрі жоспар бойынша жүргізіледі. Бүгін "Серпінге" 9 мыңнан аса студент қатысып жатыр, биыл бөлінген 500 магистрант пен докторанттарға бағытталады. Бұл мəселе педагог қауымдастығымен кеңінен талқыланды. Колледж студенттеріне бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға бөлінді», — дейді вице-министр.