АСТАНА, 3 нау – Sputnik. Конституцияға енгізілетін өзгерістер талқыланып жатқан парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Елбасының саяси, тарихи тұлғасын Ата Заңда айқындауды ұсынды.
"Бұдан тура үш ай бұрын, осы залда "Қазақстан Республикасының 25 жылдық" тарихи күніне байланысты құнды құжат Декларация қабылданғанда: "…Ата Заңымызда мемлекетімізді құрудағы Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірегей үлесін атап өту жөнінде" және "Бүгіні мен ертеңімізге Елбасының тарихи болмысы кеңінен насихатталуы керек! Бұл бағыттағы іс-шаралардың бірі ретінде сәулетті бас қаламыз-Астанамыз, еліміздің маңызды, ауқымды нысандары Елбасы есімімен аталса, бұл — халықтың біртуар перзентіне деген шексіз сый-құрметінің көрінісі болмақ" деген ұсыныс айтқан болатынмын", — деді Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова.
Оның айтуынша, өкілеттіліктердің бөлінісі мен Ата Заңымызға өзгерістердің енгізілуі де — заңды құбылыс. Депутат атап өткендей, ұсынылып отырған нұсқада Тәуелсіздігіміздің ортақ халық үшін қаншалықты қастерлі екендігіне басымдық берілген.
"Сондықтан да Елбасының қазақ елін Мәңгілік ел биігіне жетелеп, қазақ ұлтын әлемге танытқан қажырлы еңбегі мен сарабдал саясатының Ата Заңымызда қасиетті Тәуелсіздікпен қатар ойып тұрып орын алуы тарихи ақиқат! Халқымыз үшін аса қасиетті Тәуелсіздік, Егемен Қазақстан, Тұңғыш Президент, Елбасы ұғымдары әлдеқашан бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымдарға айналған. Ендеше, "Конституцияда белгіленген мемлекеттің Тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, басқару нысанын өзгертуге болмайды" делінген Конституциямыздың 91 бабы 2 тармағының жаңаланған нұсқасын, "Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасының ерен еңбектері, тәуелсіз ұлттың қалыптасуына жасаған толағай табыстарын да ерекшелеп, бірегей үлесі аталып өту қажет" — деген мәтінмен толықтыруды ұсынамын", — деді ол.
Әрі, депутаттың айтуынша, қалың жұртшылықтың ойы егемендікті тұғырлы еткен Көшбасшымыздың саяси, тарихи тұлғасын Ата Заңымызда айқындау ұсынысымызбен бір арнаға тоғысты.