АСТАНА, 28 ақп — Sputnik. Әйел кісі елордада жалған пәтер сатып, 50 миллион теңгеден астам ақшаны қолды еткен, деп хабарлайды Астана сотының баспасөз қызметі.
Іс материалдарына сәйкес, 2015-2016 жылдары әйел өз таныстарына элиталық "Новый мир", "Нұрсая-1" тұрғын үй кешендері және Астананың сол жағалауында орналасқан өзге үйлерден нарықтағы бағалардан төмен бағаға заңды түрде пәтер алу мүмкіндігі туралы айтқан. Осылайша, сотталушы алдау жолмен 18 жәбірленушінің жалпы сомасы 53 миллион 605 мың 760 теңгеге көлеміндегі қаражатын қолды етіп, аса ірі көлемдегі материалдық зиян келтірген.
Астана қаласы Есіл ауданы №2 аудандық сотының 2017 жылғы 21 ақпандағы үкімімен сотталушы аса ірі көлемде жасалған алдау және сенімді пайдаланып бөтен мүлікті ұрлауда айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеумен алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Жаза мерзімі "ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, бес кәмелет жасқа толмаған баласының болуына байланысты жартысына қысқартылып, мүлкін тәркілеумен жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеуге үш жыл төрт айға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Үкім заң күшіне енген жоқ.