АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. 1 қыркүйектен бастап әрбір сыныпқа WI-FI орнатылады. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хабарлады.
"Жеті мың мектепте интернет бар. Бұл мектептердің тоқсан пайызын құрайды. Бірақ бізге қажетті 4 MB/с екі мың мектепте ғана бар. Яғни, бізге интернетті әрі қарай дамыту керек", — деді Сағадиев.
Екіншіден, оның атап өтуінше, мектептегі интернеттің төлемін орталықтандыру қажет.
"Бұдан бөлек, әрбір сыныпқа WI-FI орнату маңызды. Жергілікті атқарушы органдарды қажетті қондырғылар алуды сұрап отырмыз. Олар қымбат емес. Бірінші қыркүйекте бастап республика бойынша әрбір сыныпта WI-FI болуы үшін осы жұмысты жүргізу керек", — деді министр.