АСТАНА, 26 ақп – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында жоғалған тікұшақ Аягөз қаласынан солтүстік батысқа қарай 60 шақырым жерден табылды, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.
Апат болған жерді бүгін Алматы облысынан іздеуге аттандырылған жеке компанияның МИ-2 тікұшағы тапты. Ми-2 Айғыз ауылының маңын айналып ұшып жүрген болатын. "Қазаэронавигацияның" алдын ала ақпаратына сәйкес, тікұшақ ұшқышы қаза тапқан. Бір жолаушы аман қалған, оны Айғыз ауылына жеткізуде. Нақтыланған деректерге сәйкес, құлаған тікұшақтың бортында екі адам болған: пилот пен бір жолаушы.
Құтқарушылар жер бетімен апат орнына бара жатыр. Көлік қозғалысына ауа райы қолайсыздығы мен жолдың болмауы кедергі келтіруде.
Еске сала кетсек, сенбі күні кешке жеке адамға тиесілі С-341 тікұшағының ұшқышы байланысқа шықпай қалды. Оны іздеуге бүгін таңертең облыс орталығынан бортында құтқарушылар тобы және ШҚО ТЖД басшысының орынбасары бар МИ-8, Семей қаласынан МИ-17 әскери тікұшағы ұшып шықты. ШҚО ТЖД дағдарыс орталығында және Аягөз ауданында жедел штаб құрылды.
Іздестіру жұмыстарына ШҚО ТЖД жеке құрамынан және аудандық ІІБ 29 адам мен 4 техника жұмылдырылды. Жерігілікті атқару органынан 10 адам және 5 техника шықты.
ШҚО ТЖД-ның дағдарыс орталығында оперативті штаб құрылды.