АСТАНА, 25 ақпан – Sputnik.ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түрме реформасының төртінші форумына басшысының неліктен қатыспағанын түсіндірді.
23 ақпан күні Астанада бас прокурордың қатысуымен түрме реформасы форумы өтті. Бас прокурор Жақып Асанов форумда сөйлеген сөзінде осындай маңызды отырысқа ҚАЖК басшысы Азамат Базылбековтің қатыспауына наразылығын білдірген.
"Отырысқа жиналған тұлғалардың бас прокурорға ҚАЖК басшысының қатыспау себебін түсіндірмегені қызық жайт. Негізінде ҚАЖК төрағасы бұл форумға басынан бастап қатысқан еді. Алайда түске қарай А. Базылбеков, ішкі істер министрімен алдын ала келіскендей, Қоғамдық кеңестің отырысына шұғыл түрде кетуге мәжбүр болды", — делінген ҚАЖК хабарламасында.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, форум бағдарламасы бойынша Базылбеков сөз сөйлеуге тиіс емес болатын. Ал Қоғамдық кеңестің отырысын кейінге қалдыру мүмкін емес еді деп түсіндіреді ҚАЖК.