АСТАНА, 24 ақпан — Sputnik. Ақтауда ата-аналар мектеп қабырғасында педикулез эпидемиясының таралғанын айтып шағымданды деп жазады өңірлік Лада.kz басылымы.
Ата-аналардың айтуынша, өткен жылғы мамыр айынан бері балалардың басындағы биттен арыла алмай келген.
"Демалыс кезінде биттен тазартқанымызбен, бала мектепке барғасын қайта басталады. Арнайы су сабыннан бастап, небір амалдарды пайдаландық. Шашты қынамен бояп, тіпті жәндіктерді керосинмен кетіруімізге тура келді", — дейді оқушылардың бірінің анасы.
Мектеп басшылығының сөзіне жүгнісек, ата-аналар ешқандай шағым түсірмеген, ал балалар ақпан айының басында медициналық тексеруден өтіпті.
Алайда, Ақтау қаласы тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мәліметі бойынша, 2017 жылы ақпан айында осы мектептің төрт оқушысының педикулезге шалдыққаны анықталған. Балалар уақытша сабақтан босатылды.