АСТАНА, 23 ақпан — Sputnik. Жамбыл облысында қар көшкіні салдарынан зардап шеккен 10 сарбаз әлі ауруханада жатыр деп хабарлады ҚР денсаулыұ сақтау министрі Елжан Біртаңов.
"Күнделікті қадағалап отырмыз. Салыстырмалы түрде ауыр хәлдегі екі науқас Алматыға жіберілді. Жағдайлары бір қалыпты, бақылауда. Қазіргі уақытта екеуі Алматыда, қалғандары Тараздағы әскери госпиталде. Барлығы 10 науқасымыз бар", — деді Біртаңов.
Оның айтуынша, зардап шеккендердің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
"Алматыға жеткізілген екі науқас әр түрлі дәрежеде соққы алған, омыртқасына зақым келген, жұмсақ ұлпалардың қысылу синдромына ұшыраған", — дейді ол.
Министр тілшілерге кейінірек айтып өткендей, Алматыға жеткізілген сарбаздар ҚР қорғаныс министрлігінің госпиталь жүйесіне жатқызылды.