АСТАНА, 23 ақпан — Sputnik. Кейбір қызметкерлеріміз қолындағы билігін асыра пайдаланып, азаматтарды қинап, ұрып-соғып, арын аяққа басады.Бұл туралы бүгін түрме реформасына арналған IV форум барысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлімдеді.
«Күн тәртібінде өзекті мәселе бар. Ол – адамдарды азаптаумен күресу. Бұл адамға қарсы жасалатын ең қатыгез, ең аяусыз қылмыс. Кейбір қызметкерлеріміз қолындағы билікті асыра пайдаланып, азаматтарымызды қинайды, ұрып-соғады. Арын аяққа басады. Шындықты айтсақ, бұл – сұмдық. Бұл 21-ғасырда болуда», — деді форумда Ж.Асанов.
Бас прокурор бірнеше мысал келтірді. Қарағандыда Синявин деген азаматты азаптағаны соншалық, ол эпилепсия ұшырап, салдарынан мүгедек болып қалған.
«Слекишинаға қатысты оқиғаны бүкіл республика біледі. БАҚ жарыса жазды. Тек осы бір Слекишинаға қатысты оқиға бүкіл құқық қорғау жүйесіне кір келтірді. Бұл тек ашылған қылмыстар. Ал қанша қылмысты біз білмейміз. Дәлелсіз кейбір қылмыстар қалып жатыр», — дейді ол.
Оның айтуынша, азапқа ұшырағандар өмір бойы билікке өкпелі. Олар билік қорғаудың орнына қорлайды деп есептейді.
«Осыдан кейін қандай бізге халық тарапынан қандай сенім болуы мүмкін. Сондықтан біз осы мәселемен айналысып жатырмыз», — деді Ж.Асанов.
Айта кетейік, түрме реформасына арналған IV форум барысында 2013-2016 жылдары атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 қадамы» жобасы, 2017 жылда түрмедегілерді жұмыспен қамту және оларды қоғамға қайтару жобалары талқыланды. Әрі бүгін форумда «Азаптау жоқ қоғам» жаңа жобасы таныстырылып жатыр.
«Бұл төртінші форум. Осыған дейін үш форумды өткіздік. Әрбір форумды бір мәселеге арнап келеміз. Бірінші жылы түрмедегілерді азайтудың он шарасы деген жобаны бастадық. Екінші жылы қамауда отырғандарды жұмыспен қамтимыз дедік. Үшінші жылы оларды босағана соң қоғамға бейімдеуді талқыладық. Осы жобалардың барығы қазір жүзеге асып жатыр. Жалпы, мемлекеттік аппаратта бізде бастамалар көп. Біз мойындауымыз керек, оны жасырмаймыз. «Ананы бастап жатырмыз, ертең мынадай нәтиже болады, осындай нәтижеге жетеміз» деп ылға мақтана береміз. Бірақ кейін нәтиже болмай жатады. Бүгін ерекше күн, біз үш жарым жыл бұрын бас қосып, бір мақсатты қойдық, соған жеттік. Енді осы жобаны бүгін біз жабамыз. Жобалық форматтан күнделікті форматқа бұл жұмысты ауыстырамыз», — деді Ж.Асанов.