АСТАНА, 23 ақпан — Sputnik. Елордалық полицейлер тұрғын үй кешендерінен су есептеуіштерді тонаған ұрлықшыларды ұстады деп хабарлайды Астана ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Мәңгілік ел көшесі бойында орналасқан тұрғын үйлерден су есептеуіш құрылғылары ұрланған. Ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен Алматы және Ақмола облыстарының үш тұрғыны ұсталды. Күдіктілер жалпы құны 19 миллион теңгені құрайтын 400-ден астам есептеуішті тонап кеткен.
Тергеу жұмыстары барысында күдіктілердің бірі бұрын электр құрылғыларын орнатумен айналысқандығы белгілі болды, сол себепті су есептеуіштерді шешіп алып кету аса қиындық туғызбаған. Бұдан бөлек, тұрғындардың назарын аудармау үшін арнайы киім киіп алған.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК "Ұрлық" бабы бойынша сот алды тергеу ісі жүргізуде.