АСТАНА, 4 қаң – Sputnik. Павлодар облысында Шығыс Қазақстан облысының 23 жасар тұрғыны ұсталды, ол алаяқтық жасады деген күдікке ілініп отыр деп хабарлады өңірдің ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Күдіктінің мамандығы бағдарламалаушы, ол Шербақты ауданы Алексеевка ауылында спутниктік теледидардың нашар көрсететіндігін естіп, жағдайды өз пайдасына асырмақ болған.
Ауылға жолаушылар автобусымен жеткен жас жігіт бірінші кездескен үйге кірген. Үй иелеріне "Космос плюс" компаниясының қызметкерімін деп танысып, ертеңнен бастап бүкіл спутниктік арналардың жоғалып кететіндігін мәлімдеген.
Арналарды жаңадан орнату үшін ол ауыл тұрғындарынан жеті мың теңге алады. Теледидардың пультін алған алаяқ антенна мәзірін ашып, бірдеңе баптап жатқандай кейіп танытады. Ақшаны алған соң күдікті тағы екі үйді дәл осылай тонайды.
Алайда алданып қалған әйелдердің бірі күдіктеніп, бірден полиция бөлімшесінің инспекторына хабар береді. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 190 бабы "Алаяқтық" бойынша сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ақшалай қаражат иелеріне қайтарылды.