АСТАНА, 23 ақпан — Sputnik. 22 ақпан күні бір тәулік ішінде ауа райы қолайсыздығына байланысты қар құрсауындағы жолдардан 143 адам эвакуацияланды, оның екеуі жас сәби, жолдың күрелген бөлігіне 88 көлік сүйреп шығарылды деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖ жөніндегі комитеттің баспасөз қызметі.
Ақмола облысында құтқарушылар қар құрсауында қалған 20 автокөліктен 54 адамды эвакуациялады, арасында 1 бала бар. Аудандық емханаға бес адам жеткізілген.
Шығыс Қазақстан облысында Семейден жеті және қырық шақырым жерде тұрып қалған үш автобус пен үш автокөліктен 64 адам құтқарылды.
Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысында үш адам мен бір жасқа айналып қалған сәбиге жедел медициналық көмек қажет болып, ауруханаға жеткізілді. Ақтөбе облысында Тассай ауылынан Хромтау аудандық ауруханасына бір әйел адам жеткізілген.
Атырау облысының құтқарушылары 78 жастағы ер адамға медициналық көмек көрсету үшін Темірбай ауылына дәрігерді жеткізіп салды.
Қостанай облысында 88 көлік жолдың қардан тазартылған бөлігіне сүйреп шығарылды, жалпы саны 151 жолаушы болған, олардың 14-і балалар. Жолда тұрып қалған екі көліктен алты адам құтқарылды. Құтқарушылар 10 адамды ауруханаға жеткізді.