АСТАНА, 22 ақпан — Sputnik. Димаш Құдайберген «I am a singer» байқауының келесі кезеңінде "Дайдидау" әнін халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындайды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлады.
«Достар, жақсы жаналық! Димаш Құдайберген Қытайдағы I am a singer байқауында біздің "Дайдидау" халық әнін Қазақ ұлттық өнер университетінің халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындайды! Министрліктің бастамасымен ансамбль қазір Қытайда, олар өнер көрсетуге дайындалып жатыр», — деп жазған Арыстанбек Мұхамедиұлы фейсбуктегі жеке парақшасында.
Оның айтуынша, Қытайда сахнаға біздің өнерпаздар арнайы тіктірген ұлттық киімде шығады.
«Димаштың курстастары Қытайға Димашқа қолдау көрсетуге үлкен ықыласпен кетті, олар әнді керемет орындап шығады»,- дейді министр.
Айтпақшы, Димаш нақ осы "Дайдидау" әнімен "Славянский базар" халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алған болатын.
«Достар, біздің студенттерге «I am a singer!» байқауында сәттілік тілейік. Өз басым Димашқа жеңіс тілеймін!» — деп жазады А.Мұхамедиұлы.