АСТАНА, 22 ақпан — Sputnik. Ақмола облысы Есіл ауданындағы Двуреченский ауылдық округінің тұрғындары әкімнің үстінен шағым түсірген. Олардың айтуынша, ол балағат сөздер айтып, тіпті тұрғындардың біріне қол да жұмсаған. Өйткені әкімге олардың жиналыста қойған сұрақтары ұнамапты.
Екі тұрғынның шағымы бойынша Ақмола облысындағы Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің әдеп жөніндегі кеңесі арнайы тексеріс жүргізген. Тексеріс материалдарына сүйенсек, қаңтар айында ауылда жиналыс өтіп, онда тұрғындар әкімге көрші ауылға апаратын жолды жөндеу, қи-тезекті шығаруға қатысты сұрақтар қойған.
Кеңестегілер түсіндіргендей, ауыл әкімі өз қылығы арқылы мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзған. Есіл ауданының әкіміне Мусинге қатаң сөгіс жариялау ұсынылды.
Әдеп кодексін осы оқиғадан бірер күн бұрын тағы бір ауыл әкімі өрескел бұзды. Жарқайын ауданы Отрадный селолық округінің әкімін әдеп жөніндегі кеңес одан да қатал жазаға тартуды ұйғарды. Аудан әкімі ауыл басшысын жұмыстан шығаруы тиіс.
Марат Мұқанов рөлге ащы су ұрттап алып отырған. 13 қаңтар күні Державинскіде қызметтік көлігін мінген әкімді жол полицейлері тоқтатады. Оның жүргізуші куәлігі жоқ болып шықты, медициналық тексерістен өтуден де үзілді-кесілді бас тартқан. Мұның үстіне полицейді басымен ұрып, тісін сындырған. «Батырлық» танытқан әкімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ билік өкіліне қол жұмсағаны үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Айтпақшы, осы оқиғалардан кейін аудан әкімі, аудан әкімдерінің үш орынбасары, аудан аппаратының жетекшісі, тоғыз ауылдық округ әкімі, облыстық басқарма басшысының орынбасары жауапкершілікке тартылды.