АСТАНА, 21 ақпан — Sputnik. Премьер-министр қар көшкіні салдарынан қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты.
«17 ақпан күні Жамбыл облысында қайғылы оқиғадан 7 әскери қызметші қаза тауып, 8 адам жарақат алды. Үкімет атынан қаза тапқандардың отбасылары мен туыстарына көңіл айтамын», — деді Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысын аша отырып.
Ол қайтыс болғандардың отбасылары мен жарақат алған азаматтардың барлығына қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.
«Айдың-күннің аманында жеті бірдей арысымыздан айырылып қалдық. Өте қайғылы жағдай», — деп өкініш білдірді Үкімет басшысы.
Қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына 4 миллионнан 7 миллион теңгеге дейін өтемақы берілетін болды.
Қазір арнайы құрылған мемлекеттік комиссия Жамбыл облысында жұмыс істеп жатыр. Ол қайғылы оқиғаның себептерін анықтайды.
Айта кетейік, 17 ақпанда Көксай шатқалындағы әскери жаттығу кезінде қар көшкіні жүріп, жеті адам қаза тапты. 16 адам қар құрсауынан құтқарылды.