АСТАНА, 20 ақп — Sputnik. Өскеменде мас күйінде тоқтатылған жүргізуші полицей көлігін айдап әкетіп аударылды деп жазады YK-avto.kz.
ШҚО ІІД хабарлағандай, 19 ақпан күні Өскемен автожолында бір көлік жол қоршауына соғылып, оқиға орнынан кетіп қалады. Полицейлер камера арқылы тәртіп бұзушының көлігін аңдып, ізінен қуып жеткен. Көлікті тоқтатқанда, жүргізушінің мас екені белгілі болды.
" Hyundai Accent автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі қызу күйінде көлікті айдап келе жатқан, — деп хабарлайды полиция. – Жүргізушіні ұстау кезінде оның жолаушысы полицейлердің киіміне жармасып, балағаттап, қарсылық көрсетуге тырысты. Сол кезде мас жүргізуші полицейдің көлігіне мініп, айдап әкетеді. Алайда келесі көшеге өте бергенде көлікті бір қырына аударып алған".
Ұсталған екі азаматқа қатысты қылмыстық тергеу жүргізілуде.