АСТАНА, 20 ақп — Sputnik. Қазақстан мен Ресей 2017 жылы ортақ шаралар жоспарына сәйкес мәдениет саласында бірлесіп қызмет ететін болады – осыған орай ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен РФ мәдениет министрлігі басшысы Владимир Мединский тиісті құжатқа қол қойды.
Жоспарға сәйкес елдер 2019 жылды Қазақстан мен Ресейдің мәдениет алмасу жылы деп жариялау бағытында жұмыс атқармақ. Сонымен қатар, тараптар Астанадағы "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде мәдени шараларды өткізуде өзара ықпалдастық етуге келісті.
Қазақстан мен Ресей арасындағы туризмді дамыту мен кинематография саласындағы серіктестікке де баса назар аударылатын болады.