АСТАНА, 14 ақп – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанадағы Сирия бойынша кездесудің кейбір мәселелері туралы сөз қозғады.
"Кепіл елдердің мәліметіне сүйенсек, қатысушылар қарулы қақтығысты тоқтату режимін қадағалайтын жедел топ құру туралы құжатқа қол қоймақшы", — деді Әбдірахманов үкімет отырысынан соң тілшілерге.
Оның мәліметінше, кездесуге БҰҰ-ның бес өкілі қатысады деп күтіледі. АҚШ тарапынан қатысушылар туралы ақпарат әзірге жоқ. Ресей делегациясын РФ президентінің Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі өкілі бастайды.
Әбдірахмановтың сөзіне жүгінсек, кездесу Сирия бойынша алдыңғы келіссөздердей елордалық Rixos қонақ үйінде өтеді. Қазақстандық тарап қатысушылардың ішіп-жемі мен оларға көрсетілген көліктік қызмет шығындарын көтеріп алады және келіссөздерге алаңқай ұсынады. Қалаға келіп-кету және тұруға кететін қаражатты делегациялардың өзі қамтамасыз етеді.