АСТАНА, 13 ақп – Sputnik. Қазақстанда 2013-2016 жылдары 15-18 жастағы қыздар арасында жыл сайын 5,5 мыңға дейін жүктілік жайты тіркелген деп хабарлайды мәжілістің вице-спикері Владимир Божко.
"Жасөспірімдерді зорлау және бірге тұру жайттары қоғамның назарына ілінген мәселелерге айналып отыр. Соңғы жылдардағы статистика адамның үрейін туғызбай қоймайды: 2013-2016 жылдары елімізде жыл сайын 15-18 жас аралығындағы 4,5-5,5 мың жасөспірім қыз жүкті болған", — деді Божко мәжілістегі үкімет сағатында.
ҚР ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың ақпаратына жүгінер болсақ, полицияда 12 мың қолайсыз отбасы профилактикалық тіркеуде тұр, онда 16 мыңнан астам бала тұрып жатыр. Былтырғы жылы балалар тәрбиесі бойынша міндетін атқармаған 5,5 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету бойынша 44 жайт әшкереленіп, мыңнан астам адам ата-ана құқығынан айырылған.