АСТАНА, 10 ақп — Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БТА банкінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбілязовтың Қазақстандағы сыбайласын анықтады: БТА-дан қымқырылған қаражаттың ізін жасырды деген күдік "Саяси қалам: Трибуна" газетінің бас редакторы Жанболат Мамайға келтірілді делінген Ұлттық бюро хабарламасында.
Жемқорлыққа қарсы ведомство банктің ақшалай қаражатын қымқыру дерегі бойынша БТА Банк АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбілязов мен оның бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда.
"Тергеу барысында Әбілязовтің Қазақстандағы тағы бір сыбайласы анықталды – Мамай Жанболат Мамайұлы. Ол "Саяси қалам: Трибуна" газеті арқылы заңды қаржылық операцияларды жүргізді деген кейіппен БТА Банктен қымқырылған ақшалай қаражат бөлігінің ізін жасырған", — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Жемқорлыққа қарсы қызмет тиісті тергеу шараларын атқаруда, дәлірек айтқанда қылмыстық қаражатты заңдастыру деректерін растайтын құжаттардың қайда жатқанын анықтау мақсатында тінту жүргізіп жатыр.
"Әділ сөз" қорының мәліметіне сүйенсек, Мамай және редакцияның басқа қызметкерлерімен байланысу мүмкін болмай тұр, телефондары сөндірулі екен.