АСТАНА, 10 ақп — Sputnik. Алматы облысының полицейлері із-түссіз жоғалып кеткен кәмелеттік жасқа толмаған медколледж студентін іздеп тапты деп хабарлады өңірдің ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Ауылдық медициналық колледжінің 17 жасар студент қызы 6 ақпан күні із-түссіз жоғалып кеткен, бұл жайлы арыз Жамбыл ауданының полициясына келіп түседі. Жоғалған бойжеткеннің қайда кеткені үш күннен соң ғана анықталды.
"Қыз Ұзынағаш ауылында тұрады. Туған-туыстарымен ренжісіп қашып кетіпті. Кәмелетті жасқа толмаған қызды іздеуге аудан полициясының бүкіл жеке құрамы жұмылдырылды. Бір тәулік өткен соң облыстық іздеу бөлімінің жедел қызметкерлері де жәрдемдесті. Кеше кешкісін іздеушілеріміз қызды облыс орталығынан аман-есен тауып алды. Бойжеткен құрбысының үйінде болыпты", — деп хабарлады Алматы ІІД ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет.