АСТАНА, 7 ақп — Sputnik. Қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская сейсенбі күні 12,5 шақырымдық масс-стартта жеңімпаз атанып, осымен екінші рет алтын жүлдегер атанды.
Вишневская төрт бірдей ату аралығы бар қашықтықты 36 минут 15,4 секундта жүріп өтіп, бір-ақ рет мүлт кеткен. Екінші орын иеленген украин қызы Яна Бондарь қазақстандық арудан 1 минут 2,3 секундқа қалып қойды, ал мәреге үшінші болып жеткен ресейлік Лариса Куклина Галинадан 1 минут 13,1 секундқа артта қалды.
Қазіргі уақытта Қазақстан студенттер құрамасы Универсиаданың жалпы командалық есебінде 11 алтын, алты күміс және 11 қола жүлдемен екінші орында келеді. Бірінші орын ресейліктерде, олар бұл жарыста 23 алтын, 21 күміс және 14 қола медалге қол жеткізді. Үшінші орын кәрістерге тиесілі – сегіз алтын, төрт күміс және бес қола жүлде.