АСТАНА, 7 ақп — Sputnik. Қазақстандық фильмдер мен сериалдарды көрсететін жаңа телеарна республикада наурыз айына қарай пайда болады деп хабарлады ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
"Наурыз мейрамына қарай "Хабар" агенттігі құрылымында "Еларна" атты жаңа кинотелеарнаны іске қосу жоспарланып отыр. Ресурс қазақстандық көркем және деректі фильмдерді, сондай-ақ телехикаяларды көрсететін болады", — деді Абаев үкімет отырысында.
Тура осындай атпен жұмыс істеген телеарна 2014 жылы наурыз айында жабылып, оның орнына "24.kz" жаңалықтар арнасы қызметін бастаған болатын.
"Бұл ескі арна емес, жап-жаңа формат. Өте тамаша бренд болған соң, осы атауды сақтап қалдық. Бұл арнада тек отандық киноленталар мен деректі фильмдер, сериалдар көрсетілетін болады", — деді Абаев сейсенбі күні брифингте.