АСТАНА, 7 ақп — Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрлігі "өз еркімен демеушілік жасау" және "алым-салық" ұғымдарына нақты анықтама беруді көздеп отыр деп хабарлайды ведомство басшысы Ерлан Сағадиев.
"Біз білім беру мекемелерін демеушілік қаражаттары бойынша тәртіпке келтіруді жоспарлап отырмыз. Яғни, өз еркімен демеушілік жасау және алым-салық ұғымдарын айқындауға тиіспіз. Бұл өте үлкен мәселе, біз демеушілік қаражаттарды қолдану бойынша нақты ережелер құрастырамыз", — деді Сағадиев үкімет отырысында.
Сонымен қатар, Сағадиевтің пікірінше, балабақшалардағы кезек мәселесін де реттеу керек.
"Біз кезек үдерісін автоматтандыру және ақпараттық жүйелерді электронды үкімет пен әкімдіктің деректер базасымен интеграциялау бойынша сатылы қадамдық жоспар құрамыз. Мақсатымыз – балабақшаға орналасудағы кез келген жемқорлықты жою", — деп түйді министр.